
2026 жылғы 1 сәуірден бастап бірінші сыныпқа қабылданатын балалардың құжаттарын тіркеу басталады. Болашақ бірінші сынып оқушыларының ата-аналары баласының мектептегі жолы қалай қалыптасатынына алаңдап, толқып отырады. Білім беру ұйымдары балаларды дайындық деңгейіне қарамастан 1-сыныпқа қабылдауды қамтамасыз етеді.
А. М. Горький атындағы гимназияны таңдаған жағдайда, ата-аналар гимназия оқушыларының оқу және сабақтан тыс жүктемесінің жоғары деңгейде болатынын және оған дайын болу қажеттігін білуі тиіс.
А. М. Горький атындағы гимназияда оқуға дайындық дегенде біз білім көлемін ғана емес, ең алдымен мектепке психологиялық дайындықты (зейіннің дамуы мен ауыса білуі, коммуникативтік дағдылар, ынтымақтастыққа ұмтылу, әлеуметтік нормалар мен мектеп ережелерін түсіну және қабылдай білу) меңзейміз. А. М. Горький атындағы гимназияда барлық сыныптар – гимназиялық сыныптар, бұл оқу кестесінде коммуникативтік дағдыларды қалыптастыру мен дамытуға, математикалық сауаттылықты арттыруға, дүниетанымды кеңейтуге, ағылшын тілін оқуға бағытталған вариативтік компоненттің болуын көздейді. Сондықтан гимназия жағдайында табысты білім алу үшін интеллектуалдық жүктемеге дайындық та қажет. Гимназиядағы нәтижелі оқудың тағы бір маңызды құрамдас бөлігі – оқуға деген уәж (мотивация). Таным процесіне қызығушылық, жаңа нәрсені білуге ұмтылу, жаңа достар мен пікірлес жандар табуға талпыныс мектепке оң көзқарасты қалыптастырып, соның нәтижесінде жақсы оқу жетістіктеріне жеткізеді.
Ата-аналардың назарын бірінші сыныпқа қабылдау үшін құжаттарды тіркеу Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы (республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астана деңгейіндегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледждер мен спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарды қоспағанда)» бұйрығымен бекітілген тізбеге сәйкес жүзеге асырылатынын ескертеміз.
Мектепке даярлауды жүзеге асыратын мектепке дейінгі білім беру ұйымын таңдау – ата-аналардың жеке ісі және гимназияға қабылдауға ешқандай әсер етпейді.
Құжаттарды тіркеу жұмыстарын тиімді жүргізу үшін құжаттар тізімімен және тіркеу алгоритмімен алдын ала танысуларыңызды сұраймыз.